
20:41, Сегодня
Надежный источник
Алматы облысында ауыз су және электр желілерін жаңарту жұмыстары қарқын алды

Алматы облысындағы Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде ауыз су мәселесін шешу мақсатында жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын су құбыры тартылды. Нәтижесінде 800-ден астам абонент орталықтандырылған таза ауыз суға қосылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа желі тартылған аумаққа барып, жобамен танысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қолданыстағы су желісі 1975 жылы салынған. Бүгінде құбырдың 95 пайызы тозған. Осыған байланысты «Бесағаш ауылын (оңтүстік бөлігі) сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы іске асырылды. Қазір су құбыры әрбір тұрғын үйдің ауласына дейін жеткізілген. Ал әрі қарайғы жұмысты тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізеді.
Қазіргі таңда Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде 3800-ден астам халық тұрады. Жаңа су желісі 800-ден астам абонентті таза тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Қалған 3000 үйді сумен қамтып отырған инженерлік желілерді коммуналдық мекеменің теңгеріміне беру шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе бір ай ішінде толық шешімін таппақ.
Облыс әкімі тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ауызсу желісі талапқа сай болу керегін айтты.
«Халыққа жобаның талаптарын жан-жақты түсіндіру қажет. Сонымен қатар ауыз су барлық абонентке бірдей жетуі тиіс. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Аймақ басшысы сондай-ақ Тұздыбастау ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және жаңадан салу жобасымен танысты. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманың 95 пайызы дайын. Оны толық аяқтау үшін қосымша 70 млн теңге қаражат қажет.
Тұздыбастау ауылындағы су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 127 шақырымды құрайды. Тұрғындардың шамамен 50 пайызы жергілікті ұңғымалар арқылы ауыз сумен қамтылған. Қалған тұрғын ауыз суды «Алматы су» мекемесінен сатып алып, пайдалануда. Сондықтан әзірленіп жатқан жобаның халыққа тигізер пайдасы мол. Облыс әкіміне Тұздыбастау халқын жарықпен қамту жайы да баяндалды.
Қазіргі таңда мұнда 23 мыңнан астам тұрғын бар. Елді мекендегі электр желісінің жалпы ұзындығы – 175,5 шақырым. Бүгінде трансформаторлардың қуаты жеткіліксіз болып, жарық жиі сөнетін болған. Сондықтан қосымша екі трансформатор салу жоспарланған. Жоба іске асқаннан кейін қолданыстағы қосалқы станцияның жүктемесі айтарлықтай төмендейді.

Марат Елеусізұлы жобалық-сметалық құжаттаманы тез арада аяқтап, тапсыруды міндеттеді. Сонда бюджеттік өтінім беруге мүмкіндік туады. Сондай-ақ аймақ басшысы халықты сумен және жарықпен қамтамасыз ету үшін барлық жауапты мамандар өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен кірісу керегін айтты.
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
ТОП новости
Жителям Алматинской области вернут более 12,7 млн тенге
Госрегулирование
Спецтема
Объявления
Комментарии