• Главная
  • Алматы облысында Samruk-Kazyna Trust қолдауымен 300 ерекше бала жазғы демалысын тиімді өткізуде
22:18, Сегодня
Надежный источник

Алматы облысында Samruk-Kazyna Trust қолдауымен 300 ерекше бала жазғы демалысын тиімді өткізуде

Алматы облысында ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған «Sheksiz mumkindikter» спорттық-инклюзивті жобасы жүзеге асырылуда.

«Sheksiz mumkindikter» лагері биыл төртінші жыл қатарынан өтуде. Жоба еліміздің барлық өңірінен келген ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларын бір алаңға біріктіреді. Биыл 13 шілде мен 22 тамыз аралығында лагерь төрт ауысымда ұйымдастырылып, оған 300 бала мен 300 ата-ана қатысады.

«Sheksiz mumkindikter» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы - Samruk-Kazyna Trust қолдауымен және «ДЦП Life» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.

Алматы облысында Samruk-Kazyna Trust қолдауымен 300 ерекше бала жазғы демалысын тиімді өткізуде, фото-1

Лагерь бағдарламасы бейімделген спорт түрлерін, шығармашылық шеберлік сабақтарын, командалық ойындарды, білім беру және дамыту бағытындағы іс-шараларды қамтиды. Мұндай кешенді бағдарлама балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа дағдыларды меңгеруіне, өзара қарым-қатынас орнатып, әлеуметтенуіне мүмкіндік береді.

Ал ата-аналар үшін психологтардың қолдауы, білікті мамандардың консультациялары, мотивациялық кездесулер мен стратегиялық сессиялар ұйымдастырылады. Бұл шаралар отбасының эмоционалдық әлеуетін нығайтып, балаға көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.

Алматы облысында Samruk-Kazyna Trust қолдауымен 300 ерекше бала жазғы демалысын тиімді өткізуде, фото-2

«Біз жыл сайын осы лагерьде балалар мен ата-аналардың басын қосамыз. Мақсатымыз – балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа қабілеттерін ашуына, өз-өзіне деген сенімін арттыруына мүмкіндік жасау. Ал ата-ана үшін баласының шат-шадыман күйде ойнап, достарымен емін-еркін араласып, ортаға еркін сіңісіп, өзін өзге балалармен тең сезінуінен асқан бақыт жоқ. Осындай қуанышты сәттерді көру – біздің ең үлкен жетістігіміз», – деді Samruk-Kazyna Trust қорының бас директоры Альфия Адиева.

24 шілдеде жобаның екінші маусымын қорытындылауға арналған салтанатты рәсімде спорттық және шығармашылық бастамаларда үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды. Өз кезегінде ата-аналар ерекше балаларға арналған бірегей жобаны тұрақты қолдап келе жатқан «Самұрық-Қазына» қорына алғыстарын білдірді.

Алматы облысында Samruk-Kazyna Trust қолдауымен 300 ерекше бала жазғы демалысын тиімді өткізуде, фото-3

Төрт жыл ішінде «Sheksiz mumkindikter» лагеріне 1000-нан астам бала қатысып, оның игілігін көрді.

Samruk-Kazyna Trust қоры 10 жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде жалпы құны 145 млрд теңгеден асатын 460-тан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

Алматы облысында 2016 жылдан бері жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 12 әлеуметтік жоба іске асырылды. Олардың қатарында Ұзынағаш ауылындағы оңалту орталығы, Әйтей ауылындағы спорт кешені және өзге де маңызды әлеуметтік нысандар бар. Қазіргі уақытта Қонаев қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Алматы облысында Samruk-Kazyna Trust қолдауымен 300 ерекше бала жазғы демалысын тиімді өткізуде, фото-4
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Сайт города Конаев

Комментарии

Объявления