• Главная
  • Қонаевта күрделі диагноз қойылған науқасқа жоғары технологиялық ота жасалды
17:55, Сегодня
Надежный источник

Қонаевта күрделі диагноз қойылған науқасқа жоғары технологиялық ота жасалды

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында асқынған асқазан ісігіне шалдыққан науқасқа аса күрделі хирургиялық ота сәтті жасалды.

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының хирургия бөлімшесінде асқазан ісігінің ауыр асқынуларымен шұғыл түрде жеткізілген 1990 жылы туған науқасқа абдоминалдық хирургиядағы ең күрделі оталардың бірі сәтті орындалды.

Науқас стационарға келесі клиникалық диагнозбен түсті: асқазанның көлденең тоқ ішекке таралған қатерлі ісігі, гастроколикалық жыланкөз, асқазан ісігінің перфорациясы, жергілікті нәжістік перитонит.

Мұндай асқынулардың қатар кездесуі науқастың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Ісік асқазан шегінен шығып, көлденең жиек ішекке таралған. Асқазан мен тоқ ішек арасында гастроколикалық жыланкөз – асқазан-ішек жолдарының қалыпты қызметін бұзатын және ағзаның ауыр интоксикациясына әкелетін патологиялық байланыс қалыптасқан. Сонымен қатар ісіктің перфорациясы, яғни асқазан қабырғасында тесік пайда болуы салдарынан асқазан ішіндегісі құрсақ қуысына төгілген. Соның нәтижесінде шұғыл хирургиялық емді талап ететін ауыр қабыну үдерісі – жергілікті нәжістік перитонит дамыған.

Кешенді тексеруден кейін шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданды. Отаны хирург Шкуралиев Тахир Закирұлы орындады. Ассистенттері – хирург дәрігерлері Айжарық Шерхан Мұратұлы және Сабаев Серік Жанбатырұлы. Анестезиологиялық қамтамасыз етуді анестезиолог-реаниматолог Телагусов Қуаныш Ордабайұлы жүргізді.

Ота барысында лапаротомия, Бильрот II әдісі бойынша субтотальды гастрэктомия, гастроеюноанастомоз және Браун бойынша энтероэнтероанастомоз салу, көлденең жиек ішек резекциясы трансверзостома шығарумен, сондай-ақ құрсақ қуысын санациялау және дренаждау орындалды.

Іс жүзінде хирург бір операция барысында ісік зақымдаған асқазан мен тоқ ішектің бөліктерін алып тастап, перфорация мен перитониттің салдарын жойып, ас қорыту жолының тұтастығын қалпына келтіріп, реконструктивтік кезеңді толық орындады.

Мұндай операциялар онкоабдоминалдық хирургиядағы техникалық жағынан ең күрделі араласулардың қатарына жатады, өйткені олар хирургтен жоғары кәсіби біліктілікті, дәлдікті және науқастың өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда жедел әрі дұрыс шешім қабылдауды талап етеді.

Бұл клиникалық жағдай тағы бір мәрте дер кезінде қойылған диагноздың, шұғыл мамандандырылған медициналық көмектің және тәжірибелі медициналық команданың үйлесімді жұмысының арқасында ең күрделі жағдайлардың өзінде де науқастың өмірін сақтап қалуға болатынын дәлелдейді.

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының баспасөз қызметі

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Сайт города Конаев

Комментарии

Объявления