
Баскетбол
14:23, Сегодня
Надежный источник
Қонаевта 3×3 баскетболдан Алматы облысының чемпионаты өтті
Баскетбол

Қонаев қаласында «Ауыл спорт – 2026» республикалық жарысына іріктеу кезеңі саналатын 3×3 баскетболдан Алматы облысының чемпионаты өтті.
Ашық алаңда U12, U14 және U16 жас санаттарында облыстың аудан командалары арасынан 20 команда өзара мықтыны анықтады.
«Ауыл спорт – 2026» аясындағы 3×3 баскетболдан республикалық турнир 16 тамызда Түркістан облысында басталады. Сонымен қатар, облыс спортшылары қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтетін ауыл жастары арасындағы Қазақстан чемпионатына да қатысады.

Айта кету керек, өткен жылы дәл осы жарыстарда Алматы облысының қыздар командалары әртүрлі жас санаттарында жеңімпаз және жүлдегер атанған болатын.
«Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 128 команданың басын қосқан 3×3 баскетболдан Қазақстан чемпионатында да жақсы нәтижелер көрсеттік. Алматы облысының U18 жас санатындағы қыздар құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Биылғы республикалық жарыстарға да үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатырмыз. Жігіттеріміз бен қыздарымыз өз мүмкіндіктерін толық көрсетеді деп сенеміз», – деді Алматы облысының 3×3 баскетболдан аға жаттықтырушысы Нұрлан Жәнібек.

Бір қызығы, 3×3 баскетболын жиі «жылдамдықтағы шахмат» деп атайды. Классикалық баскетболда команда ұзақ шабуыл барысында ойын өрнегін өзгертуге мүмкіндік алса, 3×3 форматында шешімдерді санаулы секунд ішінде қабылдауға тура келеді.
«Әр жас санатының өзіне тән ойын ерекшеліктері бар. Кіші жастағы спортшылардың жеңіске деген құлшынысы мен шабуылға ұмтылысы айқын байқалады. Ал ересек топтарда ойын тәртібі, тактикалық ойлау қабілеті және жылдам шешім қабылдау шеберлігі қалыптасады. Сондықтан бірнеше жас санатындағы жарыстар спортшының даму жолын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді», – деді жарыстың бас төрешісі Максим Шалаев.

Ауыл жастары үшін бұл жарыстар – облыс деңгейінде өз күшін сынап, спорттық мансабында келесі белеске қадам жасауға берілетін үлкен мүмкіндік.
«Мен Талғар ауданының құрамасында үш жылдан бері өнер көрсетемін. Бұған дейін жеңіл атлетика және волейболмен айналыстым. Бірақ баскетболды таңдағаннан кейін өз мақсаттарыма дәл осы спорт түрі арқылы жете алатынымды түсіндім. 3×3 баскетбол турнирінде ойнау – ерекше әсер сыйлайды.
Мұнда ұзақ ойлануға уақыт жоқ, әрбір шабуыл шешуші сәтке айналуы мүмкін. Біз үздік командалардың республикалық жарысқа жолдама алатынын жақсы білдік. Сондықтан әр кездесу өте тартысты өтті», – деді жарысқа қатысушы, Талғар ауданының спортшысы Айдана Акимгалм.

Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Ұлдар
U12
- 1-орын – Балқаш ауданы;
- 2-орын – Іле ауданы;
- 3-орын – Ұйғыр ауданы.
U14
- 1-орын – Ұйғыр ауданы;
- 2-орын – Еңбекшіқазақ ауданы (Шелек);
- 3-орын – Іле ауданы.
U16
- 1-орын – Еңбекшіқазақ ауданы (Есік);
- 2-орын – Іле ауданы;
- 3-орын – Балқаш ауданы.

Қыздар
U12
- 1-орын – Қарасай ауданы (Үшқоңыр);
- 2-орын – Талғар ауданы;
- 3-орын – Балқаш ауданы.
U14
- 1-орын – Қарасай ауданы (Үшқоңыр);
- 2-орын – Еңбекшіқазақ ауданы (Шелек);
- 3-орын – Балқаш ауданы.
U16
- 1-орын – Қарасай ауданы (Үшқоңыр).
- 2-орын – Еңбекшіқазақ ауданы (Шелек).
- 3-орын – Талғар ауданы.
Лилиана Штогрина
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Спецтема
Последние новости
14:23
На Freedom Кино и ТВ вышла драма "Умай" – история женщины, оказавшейся в центре теневых финансовых схем
Новости компаний
17:13
Вчера
Новый отдел и новое назначение: изменения в акимате Конаева
Акимат г.Конаев
15:20
Вчера
ТОП новости
Спецтема
Объявления
05:59, 25 июля
Комментарии