Ол тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.
Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен.
Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.
Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып "Asar Baspana" логотипімен таңбаланған.
2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.
Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні "Asar Baspana" сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды.
Еске салайық, 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді. Оның нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген.
Сонымен қатар, Ақтау қаласында Туғанбаев Н.М.-ның бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуы тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды. 1,2 млрд теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған.
2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.