Асқазан-ішек жолы ағзаларына жасалатын лапароскопиялық операциялар — бұл іш қуысына үлкен тілік жасамай, шағын тесіктер арқылы орындалатын заманауи аз инвазивті хирургиялық араласулар.
Мұндай әдіс тіндердің зақымдануын азайтып, науқастың операциядан кейінгі ауырсынуын төмендетуге және оңалту мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының хирург-дәрігерлері Айдос Талапұлы Қизатов пен Тахир Закирович Шкуралиев қазір Санкт-Петербургтегі И.П. Павлов атындағы Бірінші мемлекеттік медициналық университетінде екі апталық оқудан өтуде.
Оқу бағдарламасы мен бірқатар операцияларды медицина ғылымдарының докторы, 30 жылдық тәжірибесі бар хирург, кафедра меңгерушісі Андрей Юрьевич Корольков жүргізуде.
Айдос Талапұлының айтуынша, оқу барысында дәрігерлер ашық және лапароскопиялық тәсілдер арқылы орындалатын түрлі операцияларға қатысуда.
Бүгінге дейін олар лапароскопиялық гастрэктомия (асқазанды алып тастау), сол жақты колэктомия (тоқ ішектің сол бөлігін алып тастау), жарықтарға жасалған лапароскопиялық операциялар, сондай-ақ бауырдың сол жақ бөлігін алып тастау секілді техникалық жағынан күрделі — гемигепатэктомия операциясына қатысты.
Оқыту курсының аяқталуы келесі айдың басына жоспарланған. Бұл білім мен тәжірибе аймақтық деңгейде жоғары технологиялы хирургиялық көмекті дамытуға үлкен үлес қосады.