Қауіпсіздік пен жайлылық – басты басымдық. Балалар 4 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестиция есебінен салынған жаңа үйге көшірілуі жоспарлануда, деп хабарлайды Qonaev-gorod Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
171 бала заманауи қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына толық сай келетін жаңа үйге қоныстанады. Алматы қаласында орналасқан бұрынғы Балалар үйінің апатты жағдайына байланысты тәрбиеленушілерді Қонаев қаласында жаңадан салынған мекемеге көшіру туралы шешім қабылданды.
1963 жылы салынған ескі ғимарат 2024 жылы жүргізілген техникалық сараптама нәтижесінде апатты деп танылып, әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп шешілді. Сараптама барысында тірек конструкцияларында жарықтар, инженерлік жүйелердің толық тозуы және сейсмикалық тұрақтылық талаптарына сәйкес келмеуі сынды күрделі ақаулар анықталды.
Қонаев қаласындағы жаңа Балалар үйі жеке инвестордың қаржысы есебінен салынды. Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге. Нысан қазіргі санитарлық, құрылыс және білім беру стандарттарына толық сай келеді. Мұнда кіші және ересек тәрбиеленушілерге арналған бөлек асханалар, спорт және акт залдары, оқу және ойын бөлмелері, психологиялық көмек кабинеттері мен кең әрі жайлы жатын бөлмелер қарастырылған.
Ғимараттың қауіпсіздігі мен функционалдық аймақтарға бөлінуіне ерекше назар аударылған. Нысан өндірістік аймақтардан алыс, белсенді дамып жатқан тұрғын ауданда орналасқан. Жанында тұрғын үйлер мен халықаралық іс-шаралар өтетін мәдени кешен бар.
Нысанды аралаған қонақтар оның сапасын жоғары бағалап, Балалар үйін республикалық деңгейдегі үлгілі әлеуметтік мекеме деп атады. Аула аумағы абаттандырылып, ондаған ағаш отырғызылған.
Көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен мектеп жасына дейінгі және кіші сынып тәрбиеленушілері – 61 бала көшіріледі. Ал мектеп жасындағы балалар тамыз айының соңына дейін жаңа мекенге қоныстанады. Алматы қаласындағы ескі ғимарат қаланың коммуналдық меншігіне беріледі.
Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Инвестор Еңбекшіқазақ ауданында балаларға арналған шығармашылық орталық салу жобасын жариялады. Жаңа орталық өңірдегі ең ірі мекемелердің бірі болып, балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына қосымша мүмкіндік береді.