18+

Қарасайлық науқасқа күрделі жүрек отасы сәтті жасалды

Қарасай аудандық ауруханасында эндовоскулярлық хирургия бөлімшесі 2022 жылы іске қосылған. 4 жылдан бері бөлім жүрек ауруларын емдеумен айналысады.

Инфаркт, тұрақты стенокардия, тұрақты жүктемелі стенокордиямен түскен науқастарға және аритмологиялық көмекке мұқтаждарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетіледі.

"2022 жылы бөлімде 400-ге жуық пациентке ота жасалса, 2023 жылы 700-ге жуық, 2024 жылы 950-ге жуық жүрек дертімен келіп-түскен науқастарға көмек көрсеттік. Жыл басынан 600-ге жуық азаматқа операция жүргізілді. Бұрын ауруханада кардиологиялық бөлім болмаған кезде, науқастар облыстық ауруханаға немесе еліміздің үлкен қалаларына жіберілетін еді. Қазірде аудандық ауруханада үлкен оталарды жасауға, жүрек ауруларын емдеуге барлық жағдай бар", - дейді бөлім меңгерушісі Орынбасар Тайманұлы.

Эндовоскулярлық хирургия бөлімінде ем алып жатқандардың бірі – Қуаныш Әубәкіров. Қарасай ауданының тұрғыны күрделі отадан өткен. Сөзінше, былтыр жүрек ұстамасынан инфаркт алып, аудандық ауруханаға жедел түрде түскен.

Дәрігерлер коронарлық ангиография және жүректің алдыңғы артериясына түтік (стент) орнатқан. Дәрі-дәрмекпен емдеу ұсынылып, үйіне қайтарылыпты. Алайда жыл өтпей, ауруы қайта дендеген.

"Соңғы кездері қайта жүрегім мазалап, дәрігерлер көмегіне жоспарлы түрде келдім. Қажетті тексерулерден кейін жүректің тарылған жері анықталды. Қайта стенттеу отасы жасалды. Отаның жалпы құны 2 млн теңгеге жуық екен. Менің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебем бар. Соның нәтижесінде барлық ем-дом тегін болды", - дейді пациент.

Науқас алдағы уақытта дәрігерлердің жіті бақылауында болады. Одан кейін МӘМС есебінен оңалту шараларынан өтеді. Айта кетерлігі, 2025 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау бюджеті 134,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде: 58,4 млрд теңге – МӘМС-ке, 76,3 млрд теңге –ТМККК-ге.

Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық операцияларға бағытталады – қарастырылып отырған кезең ішінде сомасы 53,3 млн теңгеге 12 операция жүргізілді (орташа алғанда бір операцияның құны – 4,4 млн теңге).

Нейрохирургиялық операцияларға келсек, сомасы 319,4 млн теңгеге 57 ота жасалды (орташа алғанда бір операцияның құны – 5,3 млн теңге). ЛОР оталары да көп сұранысқа ие. Электромагниттік есту аппараттарын имплантациялау бойынша жалпы сомасы 70,8 млн теңгеге 9 операция жасалды.

Тізе және жамбас буындарын ауыстыру оталары да халық арасында жоғары сұранысқа ие. Мәселен, 2025 жылы облыстың дәрігерлері жалпы құны 56,2 млн теңгеге осындай 26 ота жасаған. Жыл басынан барлығы 914,1 млн теңгеге жоғары технологияларды қолдану арқылы 158 операция жасалды.

ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі