Талғар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем көлігімен 1980 жылы туған ер адам ауыр хәлде түскен.
Анықталғандай науқастың жалыннан денесінің үштен бір бөлігін күйік шалған. Беті, мойны, кеудесі, қолдары мен аяқтары күйіп, ауыр тыныстап, жоғарғы тыныс жолдары да зақымданған еді.
Әр минут қымбат болды, аз ғана кідіріс өмірге қауіп төндіретін еді. Дәрігерлер науқасты қабылдап, бір секунд та жоғалтпай күресті бастап кетті. Мұндай сәтте адам тағдыры таразыға түседі, ал нәтижені тек кәсібилік, тәжірибе және команданың бірлігі өзгерте алады.
Жағдайдың ауырлығын түсінген дәрігерлер оны бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Мұнда шұғыл шаралар жасалып, тынысы тұрақтандырылды, ауырсынуы басылды, қарқынды инфузиялық және уытсыздандыру терапиясы басталды. Дәл осы жерде уақыт ұтып, дәрігерлер ағзаның өмірлік маңызды функцияларын тұрақтандыра алды.
Жағдайы жақсарған соң ол травматология бөліміне ауыстырылды. Мұнда емді бөлім меңгерушісі Талғат Аманбекұлының басшылығымен, травматолог Нұрлыбай Самат Қалдарбекұлы мен комбустиолог Бекмұратов Әлішер Яхяұлы жалғастырды. Сондай-ақ реаниматологтар да, бөлім меңгерушісі Ербол Әбілғазиевичтің жетекшілігімен, белсенді атсалысты.
Емдеу хаттамаға сай жүргізілді:
- ауырсынуды басу және инфузиялық уытсыздандыру терапиясы,
- күйік беттерін реттеу,
- антибиотиктер мен анальгетиктер тағайындау,
- тұрақты бақылау және күтім,
- тыныс алу функциясын қолдау және өмірлік көрсеткіштерді қадағалау,
- қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмек.
Талғар ауруханасының медициналық персоналының бірлескен еңбегінің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясындағы қамқорлықтың арқасында науқас үш аптадан кейін қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Талғар ауруханасының дәрігерлері медицинаның тек ғылым ғана емес, батылдық, жауапкершілік және кәсібіне адалдық екенін дәлелдеді. Олардың білімдері мен адамгершілік қамқорлығының арқасында ауыр күйік алған ер адам қалыпты өмірге қайта оралып, бүгінде отбасымен бірге. Мұның барлығы дәрігерлер командасының мүмкіндіктің шегінен де асқан еңбегінің нәтижесі.
Бұл – медицинаның, кәсібиліктің және адам жүрегінің жеңісі.
ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облыстық филиалы