18+

Кохлеарлы имплантация есту қабілетін қайтарды: МӘМС аясында 7 млн теңгеге ота жасалды

1983 жылы туған Алматы облысы тұрғынының есту қабілеті 4 жасында күрт төмендеген. Ол мұны бала кезінде өкпе қабынуын өткеріп, ототоксикалық дәрілерді қабылдауымен байланыстырады.

Көп жылдар бойы пациент есту аппаратын қолданып келгенімен, бұл ем айтарлықтай нәтиже бермеген. Саңыраулық пен есту аппараттарының тиімсіздігіне байланысты ол Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына кохлеарлы имплантация жасау мүмкіндігін қарастыру үшін жолданған.

Клиникалық-диагностикалық тексеруден кейін науқасқа "Кохлеарлы имплантация" атты хирургиялық ем-шара ұсынылды.

Кохлеарлы имплантация - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында орындалатын жоғары технологиялық медициналық көмек түрі. Операция құны 7 млн теңгеден асады және оған отадан кейінгі оңалту да кіреді. Бұл ем-шара ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің "Сурдологиялық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

Кохлеарлы имплантты орнату науқасқа айналасындағы дыбыстарды естуге мүмкіндік беріп, өмір сапасын едәуір жақсартты. Бұл оның әлеуметтенуіне және кәсіби тұрғыда өзін жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер ашты.

ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облыстық филиалы