Қонаев қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олардың көбі жеке компаниялардың қаржысына салынуда.
Қонаев қаласының әкімі шаһарды кезекті рет аралау барысында бірқатарына кіріп шықты. Алдымен ол "Самұрық" ТҮК-ке барды. Бұл кешен 11,6 гектар жерде тұрғызылады деп жоспарлануда.
Жоба 2029 жылға дейін жүзеге аспақ. Тартылатын инвестиция сомасы – 65 млрд.теңгені құрайды. Қазір құрылыстың 1-кезеңі жүріп жатыр. Мұнда жалпы аудан 160 мың шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді.
Келесі нысан 10 шағынауданда орналасқан "NNS City" тұрғын үй кешені болды. Тапсырыс беруші – "Али-Нұр транс" ЖШС. Мұнда 21 көпқабатты тұрғын үй салынады. Қазір төртеуінің құрылысы аяқталған, жақын арада ауланы абаттандыру басталады. Содан кейін бірден қолданысқа беріледі.
Одан соң әкім күрделі жөндеуден өтіп жатқан 8-10 шағынауданның жолын көрді. Бұл жерде көше жарығын орналастыру мәселесі қарастырылды. Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің сөзінше, жоба 2026 жылға өтпелі болады. Әкім көше жарығын қоюда адамдарға ыңғайлы болуы қажеттілігін атап өтті.
Бүгінде мұнда біршама жұмыстар аяқталған, тротуар бордюрлары, аялдамалар қойылып, жолдың кей бөлігіне асфальт төселген. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылуда.
Құрылыс саласына келсек, жыл басынан 18843 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7 млрд теңгені құрады.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі