"Жасанды интеллект – мұғалімнің көмекшісі ретінде" деп аталатын бұл тегін курс – AMANAT партиясының "Цифрлық қоғам" жобасы аясында жүзеге асып отыр.
Алматы облысында мұғалімдердің цифрлық сауатын арттыруға бағытталған жаңа оқу курсы басталды. Бағдарлама мұғалімдерге ЖИ құралдарын жауапты әрі тиімді қолдануды үйретіп, оқытудың сапасын арттыруға және цифрлық теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Іс-шараның ашылуында сөйлеген партия филиалының төрағасы Қуат Байғожаев, цифрлық технологияларды білім беру саласына енгізу мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Daryn.online компаниясының бас директоры, Айбек Қуатбайдың айтуынша, курс барысында педагогтер Daryn.AI платформасының мүмкіндіктерін меңгеріп, сабаққа дайындық, бағалау, құжат жүргізу және ата-аналармен байланыс процесінде жасанды интеллектіні пайдалануды тәжірибе жүзінде үйренбек.
Қуат Байғожаевтың айтуынша, бұл бастама ұстаздарға арналған нақты мүмкіндік қана емес, сонымен қатар білім беру жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі болмақ.
Айта кету керек, курс бағдарламасы мұғалімдердің цифрлық құзыретін арттыруға бағытталған 9 модульден тұрады. Онда жасанды интеллектті оқу мен тәрбие үдерісінде қолдану, психологиялық қолдау, коммуникация және кәсіби даму бағыттары қамтылған.