18+

Ауыл медицинасының әлеуеті артып келеді: Кегенде эндопротездеу сәтті жасалды

Ауыл медицинасының әлеуеті артып келеді: Кегенде эндопротездеу сәтті жасалды Алматы облысына қарасты Кеген аудандық ауруханасында білікті мамандар тобы сол жақ жамбас буынына эндопротездеу отасын сәтті жүзеге асырды.

Бұл ө аудан медицинасы үшін үлкен жетістік әрі жергілікті тұрғындар үшін зор мүмкіндік.

"Пациенттің жасы - 40-та. Ол нәресте кезінде аяғынан зақым алып, осы күнге дейін оның зардабын тартып келген. Бүгінде емделушінің жағдайы жақсы. Күрделі операциядан соң науқас оңалту шараларынан өтіп, мамандардың бақылауымен аяққа тік тұрып, жүруді қайта қалпына келтірмек.

Бізге Алматы облысының бас травматологы Ерсін Жүнісов әдістемелік қолдау көрсеткенін атап өткім келеді", - дейді отаға жетекшілік еткен - тәжірибелі травматолог-ортопед Арсен Қанатұлы.

Ақ халатты абзал жандардың кәсіби шеберлігі мен өзара ынтымағының арқасында ауыл тұрғындарының мұндай күрделі операциялар үшін бұрынғыдай қалаға барудың қажеттілігі жойылды. Енді жоғары деңгейдегі оталар тек Кеген ауданы тұрғындарына ғана емес, көршілес Ұйғыр және Райымбек аудандарының азаматтарына да қолжетімді.

Айта кетейік, Кеген ауданында жамбас, тізе буындарына (ірі буындарға) эндопротездеу отасы алғаш рет осы қыркүйек айында басталған болатын. Содан бері 5 пациентке күрделі ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда мұндай операцияларға сұраныс жоғары.

Бұрын мұндай ем-шаралар тек қалада ғана жасалып, ауыл тұрғындары жолдама арқылы басқа аймақтарға баруға мәжбүр болатын. Енді бұл қиындық артта қалды.

Күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалады, оның жалпы құны шамамен 2 миллион теңге.