Алматы облысындағы мектептердің бірінде анықталған құрылыс кемшіліктері 2026 жылғы 1 ақпанға дейін толықтай жойылады. Бұл жұмыстарды мердігер ұйым «Arsh Stroy» ЖШС жүзеге асырады, деп хабарлайды облыстық білім басқармасы.
Мәлімет бойынша, облыстық білім басқармасына тұрғындардан мектеп ғимаратының төбесінен су аққаны туралы өтініш түскен. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар жедел түрде нысанға барып, визуалды тексеру жүргізіп, жағдайға құқықтық баға берген.
Тексеру нәтижесінде анықталған олқылықтар сол күні мердігер ұйымға ресми түрде көрсетіліп,«Arsh Stroy» ЖШС кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою бойынша міндеттеме алған.
Қазіргі уақытта нысанда жергілікті атқарушы орган өкілдері, депутаттар, сондай-ақ «Amanat» партиясының төрағасы болып, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бұзушылықтарды жою барысын жауапты мемлекеттік құрылымдар үйлестіреді.
Айта кетейік, 900 оқушыға арналып соғылған №20 орта мектеп 2013 жылы пайдалануға берілген. Алайда бүгінде мұнда екі ауысымда шамамен 1 800 оқушы білім алады.
Тексеру барысында мектептің жертөле бөлмесінде судың жиналғаны да анықталған. Қазіргі уақытта суды сорғыту және бөлмелерді кептіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ылғалдың пайда болу себептері нақтыланып жатыр.
Сонымен қатар, дренаж жұмыстары бұған дейін басталғанымен, толық аяқталмаған. Ауа райы жылынғаннан кейін жұмыс жалғасады.