Полиция қызметкерлері есірткі қылмысын жасағаны үшін 41 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Сот санкциясымен ол қамауға алынды.
Алматы облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ҚР ҰҚК Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарасай ауданы Тұрар ауылында орналасқан фазенда аумағында күдікті ұсталды.
Сонымен қатар, іргелес аумақты тексеру барысында шаруашылық құрылыстарының бірінен есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арнайы жабдықталған бөлме анықталды. Нәтижесінде қарасора түптері, кептірілген өсімдік заты салынған ыдыстар мен қаптамалар, сондай-ақ өсімдіктерді өсіруге арналған көп мөлшердегі тыңайтқыштар тәркіленді.
Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктер мен заттар жалпы салмағы шамамен үш килограмм болатын есірткі заты – марихуана деп танылды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде.