18+

Тоқаев: Алатау қаласы ресурстарды үнемді қолдануда үлгі болуы керек

Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергия ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Qonaev-gorod.

Мемлекет басшысы бұл бағытта Халықаралық энергетика агенттігі әзірлеген «First fuel» тұжырымдамасының маңызы зор екенін атап өтті. Аталған тәсіл энергия тиімділігін арттырып, қуат үнемдеу шараларын кеңінен енгізуді көздейді.

Президенттің айтуынша, үнемделген энергияның құны жаңадан өндірілетін электр энергиясымен салыстырғанда 2-3 есе арзан. Сондықтан бұл бағытта пайдаланылмаған әлеует өте жоғары.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы энергия шығындарының көлемі алаңдаушылық туғызатынын айтты. Өнеркәсіп министрлігінің мәліметіне сәйкес, электр және жылу желілеріндегі шығын шамамен 10 пайызды құрайды. Мысалы, өткен жылы электр энергиясының жалпы шығыны 9 миллиард киловатт сағаттан асып, тұтас Атырау облысының тұтыну көлемінен жоғары болған.

Сонымен қатар, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан энергияны ең көп тұтынатын экономикалардың қатарына жатады. Елдегі жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерден 3,5 есе жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай тек инфрақұрылымның тозуы мен энергияны алыс қашықтыққа жеткізуге ғана байланысты емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, энергияны ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру да маңызды міндеттердің бірі.

Президент Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға, ұлттық компанияларға және қоғамдық ұйымдарға халық арасында энергияны үнемдеу жөніндегі түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы әрі үнемді пайдаланудың үлгісіне айналуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.