Алматы облысының барлық аудандарында «Мобильді фронт-офис» жобасы аясында кәсіпкерлермен «ашық диалог» форматындағы кездесулер басталады.
Алматы облысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бастамасымен жүзеге асырылатын «Мобильді фронт-офис» жобасы аясында шағын және орта бизнес субъектілерімен көшпелі кездесулер ұйымдастырылады.
Кездесулер облыстың барлық аудандарында өткізіліп, кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Кездесу барысында кәсіпкерлер бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары, олардың шарттары, субсидия алу тәртібі және кәсіпкерлікті қолдаудың өзге де тетіктері туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда несиеге кепілдік беру, микрокредиттеу, лизингтік қаржыландыру және басқа да мемлекеттік қолдау құралдары түсіндіріледі.