Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде 10 жылдан бері осы дерттен зардап шегіп келген науқасқа жақасты аймағындағы алып ісікті алып тастау бойынша күрделі ота сәтті жүргізілді.
Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді. Науқас жақасты аймағындағы көлемді түзіліске, ауырсынуға, тыныс алудың қиындауына, ұйқысының бұзылуына және айқын эстетикалық ақауға шағымданып түсті.
Контрастық күшейтумен жүргізілген компьютерлік томографияны және бейінді мамандардың консультацияларын қамтитын толық тексеруден кейін Марат Шәмшіұлы Искаков, Найля Эльмурзақызы Байшекова, Мұхаммед Маратұлы Искаков және Асылбек Гинаятовтан құралған операциялық бригада ісікті жақасты сілекей безімен бірге сәтті алып тастады.
Ота асқынусыз өтті және өмірлік маңызды құрылымдарға зақым келтірілген жоқ. Отадан кейінгі кезең бірқалыпты өтті. Науқастың жалпы жағдайы айтарлықтай жақсарып, тыныс алу қызметі толық қалпына келді.
Аталған клиникалық жағдай мамандандырылған медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің маңыздылығын және қазіргі заманғы жақ-бет хирургиясының күрделі патологияларды емдеудегі мүмкіндіктерін айқын көрсетеді.
Әлуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі