Қонаев қаласындағы «Пляжный волейбол» демалыс базасында ашық суда жүзуден барлық жас санаттары бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Бірнеше күнге созылған ұлттық біріншілікке еліміздің 12 өңірінен келген 168 спортшы қатысып, чемпиондық атақ пен ұлттық құрама сапына жолдама үшін өзара бақ сынады.
Байрақты бәсекенің негізгі мақсаты – ашық суда жүзуді олимпиадалық спорт түрі ретінде кеңінен дамыту, еліміздің үздік спортшыларын анықтау, ұлттық құраманы жасақтау, сондай-ақ 3–6 қыркүйек аралығында Аргентинада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын спортшыларды іріктеу болды.
Ересектер арасында спортшылар 3 шақырымдық спринтте (шығып қалу жүйесі бойынша), 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда, 4×1500 метрлік аралас эстафетада, сондай-ақ 500 метр және 6×500 метрлік аралас эстафетада сынға түсті. Ал жас санаттарындағы қатысушылар 100 метр, теңіз милі, 3000 метр, 5000 метр және 500 метр қашықтықтарында өзара мықтыны анықтады.
Чемпионаттың ең тартысты бәсекесі дәстүрлі түрде олимпиадалық 10 шақырымдық қашықтықта өтті. Дәл осы жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі құрамы жасақталды.
Ерлер арасында Түркістан облысының өкілі Ғалымжан Балабек чемпион атанды. Күміс жүлде Шымкент қаласының спортшысы Кирилл Колесниковқа, ал қола медаль Алматы қаласының өкілі Лев Черепановқабұйырды.
Ғалымжан Балабек – Қазақстанның ашық суда жүзудегі жетекші спортшыларының бірі. Ол ұлттық құраманың мүшесі, су спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ел намысын қорғаған, қысқа суда үш мәрте Қазақстан рекордын жаңартқан және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Биылғы маусымда Азия жағажай ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті.
Әйелдер арасында олимпиадалық 10 шақырымдық қашықтықта Жетісу облысының спортшысы Мария Федотоважеңімпаз атанды. Екінші орынды Саида Елемес (Жетісу облысы), үшінші орынды Дарья Пушко (Шымкент қаласы) иеленді.
2007–2008 жылы туған спортшылар арасында өткен жастар санатында Жетісу облысының өкілі Аяжан Айнабекова топ жарды. Ол – Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Сонымен қатар Жетісу облысының құрамында 4×200 метрге еркін стильдегі эстафетада Қазақстан рекордының жаңаруына үлес қосқан. Тұрақты жоғары нәтижелерінің арқасында ұлттық құрамаға негізгі үміткерлердің бірі саналады.
Өз жас санаттарында жүлдегерлер қатарынан Жетісу облысының спортшылары Еркежан Берікбол, Саида Елемес, Дарина Сысоева, Камила Айтжанова, София Кылышбаева, Рамиль Елденов, Дінмұхаммед Болатбек және Мереке Амангелді, Қарағанды облысының өкілдері Егор Дубицкий, Ярослав Губарев және Тимофей Лебедев, Алматы қаласының спортшылары Радмила Капанова мен Мансур Разиев, Шымкент қаласының өкілдері Айғаным Қуанышқова мен Никита Скрипников, Астана қаласының спортшысы Әдел Қонысбаева, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының өкілі Руслан Максимов болды.
Лилиана Штогрина