Бір аптаға созылған тартысты матчтар, ондаған жас футболшы және бас жүлде жолындағы ымырасыз бәсеке. Қонаев қаласында еліміздің үздік жасөспірімдер командаларының басын қосқан «Qonaev Cup – 2026» Алматы облысының ашық футбол турнирі өз мәресіне жетті.
Жарысқа 2010–2011 және 2012–2013 жылдары туған жасөспірімдер қатысып, екі жас санаты бойынша бақ сынады. Жеті күн бойы жас футболшылар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшыл командалық ойынды, қайсар мінез бен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.
2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының құрамасы турнир жеңімпазы атанды. Астана футбол мектебінің командасы күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Қонаев қаласындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінің тәрбиеленушілеріне бұйырды.
Ал 2012–2013 жылы туған жасөспірімдер арасында «Қайрат» футбол клубының жас ойыншылары чемпион атанды. Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» командасы екінші орынға ие болса, Астананың «Восток» футбол клубы үздік үштікті түйіндеді.
Командалық нәтижелерден бөлек, турнир барысында үздік ойыншылар да арнайы марапатталды. 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының намысын қорғаған Юлдашбеков Рузимат үздік сұрмерген атанса, Айтқожа Әбдіжамал «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Қуаныш Мырзабек үздік қақпашы деп танылды. Сонымен қатар Калел Нұралим (Астана) – үздік шабуылшы, Варякшин Михаил (Астана) – үздік қорғаушы, ал Усенбаев Арсен (Қонаев) үздік жартылай қорғаушы атанды.