Шеңгелді ауылдық округінде бақша өнімдерін жинау науқаны қарқын алды. Таңнан кешке дейін алқаптарда еңбек қызу: бір жерде қарбыз жиналса, енді бір жерде жүк көліктеріне тиеліп, Алматы, Астана және еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілуде.
Биыл әртараптандыру жұмыстары аясында ауылдық округте 13 657 гектар егістік игерілді. Оның 400 гектарына бақша дақылдары егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп көрсеткіш.
Берекелі маусымның куәсі болған шаруалардың бірі – «Ағайындылар» шаруа қожалығының иесі Дастан Үмбетов. Биыл ол 32 гектар жерге қарбыз еккен. Қазір алқаптан жиналған өнім күн сайын тұтынушыларға жол тартуда.