Алматы облысындағы Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде ауыз су мәселесін шешу мақсатында жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын су құбыры тартылды. Нәтижесінде 800-ден астам абонент орталықтандырылған таза ауыз суға қосылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа желі тартылған аумаққа барып, жобамен танысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қолданыстағы су желісі 1975 жылы салынған. Бүгінде құбырдың 95 пайызы тозған. Осыған байланысты «Бесағаш ауылын (оңтүстік бөлігі) сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы іске асырылды. Қазір су құбыры әрбір тұрғын үйдің ауласына дейін жеткізілген. Ал әрі қарайғы жұмысты тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізеді.
Қазіргі таңда Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде 3800-ден астам халық тұрады. Жаңа су желісі 800-ден астам абонентті таза тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Қалған 3000 үйді сумен қамтып отырған инженерлік желілерді коммуналдық мекеменің теңгеріміне беру шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе бір ай ішінде толық шешімін таппақ.
Облыс әкімі тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ауызсу желісі талапқа сай болу керегін айтты.