Алматы облысында ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған «Sheksiz mumkindikter» спорттық-инклюзивті жобасы жүзеге асырылуда.
«Sheksiz mumkindikter» лагері биыл төртінші жыл қатарынан өтуде. Жоба еліміздің барлық өңірінен келген ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларын бір алаңға біріктіреді. Биыл 13 шілде мен 22 тамыз аралығында лагерь төрт ауысымда ұйымдастырылып, оған 300 бала мен 300 ата-ана қатысады.
«Sheksiz mumkindikter» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы - Samruk-Kazyna Trust қолдауымен және «ДЦП Life» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.
Лагерь бағдарламасы бейімделген спорт түрлерін, шығармашылық шеберлік сабақтарын, командалық ойындарды, білім беру және дамыту бағытындағы іс-шараларды қамтиды. Мұндай кешенді бағдарлама балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа дағдыларды меңгеруіне, өзара қарым-қатынас орнатып, әлеуметтенуіне мүмкіндік береді.
Ал ата-аналар үшін психологтардың қолдауы, білікті мамандардың консультациялары, мотивациялық кездесулер мен стратегиялық сессиялар ұйымдастырылады. Бұл шаралар отбасының эмоционалдық әлеуетін нығайтып, балаға көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.
24 шілдеде жобаның екінші маусымын қорытындылауға арналған салтанатты рәсімде спорттық және шығармашылық бастамаларда үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды. Өз кезегінде ата-аналар ерекше балаларға арналған бірегей жобаны тұрақты қолдап келе жатқан «Самұрық-Қазына» қорына алғыстарын білдірді.
Төрт жыл ішінде «Sheksiz mumkindikter» лагеріне 1000-нан астам бала қатысып, оның игілігін көрді.
Samruk-Kazyna Trust қоры 10 жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде жалпы құны 145 млрд теңгеден асатын 460-тан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.