Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында асқынған асқазан ісігіне шалдыққан науқасқа аса күрделі хирургиялық ота сәтті жасалды.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының хирургия бөлімшесінде асқазан ісігінің ауыр асқынуларымен шұғыл түрде жеткізілген 1990 жылы туған науқасқа абдоминалдық хирургиядағы ең күрделі оталардың бірі сәтті орындалды.
Науқас стационарға келесі клиникалық диагнозбен түсті: асқазанның көлденең тоқ ішекке таралған қатерлі ісігі, гастроколикалық жыланкөз, асқазан ісігінің перфорациясы, жергілікті нәжістік перитонит.
Мұндай асқынулардың қатар кездесуі науқастың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Ісік асқазан шегінен шығып, көлденең жиек ішекке таралған. Асқазан мен тоқ ішек арасында гастроколикалық жыланкөз – асқазан-ішек жолдарының қалыпты қызметін бұзатын және ағзаның ауыр интоксикациясына әкелетін патологиялық байланыс қалыптасқан. Сонымен қатар ісіктің перфорациясы, яғни асқазан қабырғасында тесік пайда болуы салдарынан асқазан ішіндегісі құрсақ қуысына төгілген. Соның нәтижесінде шұғыл хирургиялық емді талап ететін ауыр қабыну үдерісі – жергілікті нәжістік перитонит дамыған.