18+

Алматы облысында әйелдер арасында параволейболдан Қазақстан чемпионаты басталды

Алматы облысында әйелдер арасында отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.

Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешені еліміздің үздік командасы атану үшін бақ сынап жатқан алты өңірдің спортшылары бас қосқан тартысты әрі тартымды ойындардың алаңына айналды.

Жарысқа 16 жастан асқан, тірек-қимыл аппараты бұзылған әйелдер қатысуда. Олар Астана және Алматы қалаларынан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарынан келген.

Чемпионаттың салтанатты ашылуында қатысушыларға сәттілік, сенімділік, тартысты ойын және жаңа жеңістер тілеп, ақжолтай тілектер айтылды. Сонымен қатар бүгінде әйелдер арасындағы параволейболдың жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің спорттық өмірінің маңызды бағытына айналып келе жатқаны атап өтілді.

«Бүгінде әйелдер арасындағы отырып ойнайтын волейболдың дамып, барған сайын танымал бағытқа айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Біз үшін жарыстарды өткізумен ғана шектелмей, спортшылардың шеберлігін шыңдап, жарыс тәжірибесін жинақтауына және алдағы нақты мақсаттарын айқындауына жағдай жасау маңызды. Мұндай чемпионаттар адамдарды біріктіріп, жаңа есімдерді танытып, болашақтағы халықаралық жеңістердің негізін қалайды.

Бұл бағытты дамытып жүрген өңірлерге, жаттықтырушыларға және спортшылардың өздеріне алғысымызды білдіреміз. Олар өз үлгісімен спорттың адам өмірін шынымен өзгерте алатынын көрсетіп келеді», – деді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Дулатбек Құсбеков.

Әйелдер арасындағы параволейболды дамытуда Алматы облысының орны ерекше. Осыдан бір жыл бұрын өңір командасы Қазақстан Республикасының кубогында үшінші орынға ие болса, 2025 жылдың желтоқсанында ел чемпионатында тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

Бүгінде Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамасы дәл осы Алматы облысының командасы негізінде жасақталған. Биылғы чемпионатқа жергілікті команда ел чемпионы ретінде үлкен мақсатпен және жаңарған құраммен келіп отыр.

«Қазақстан кубогындағы үшінші орыннан кейін команда үлкен жолдан өтті. Өткен жылдың желтоқсанында ел чемпионатында жеңіске жету біз үшін маңызды нәтиже болды. Алайда одан да маңыздысы – осы уақыт ішінде спортшылардың шеберлігі айтарлықтай өскенін көрдік. Бүгінде команда ұйымшыл, бір-бірін жақсы түсінетін және өз күшіне сенімді ұжымға айналды. Алматы облысының командасы негізінде ұлттық құраманың құрылуы – келесі маңызды қадам болды.

Қазіргі жарысты біз тек медаль үшін күрес емес, сонымен қатар болашақта Қазақстанды әлемдік деңгейдегі жарыстарда лайықты таныстыра алатын спортшыларды іріктеу мен дайындаудың маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Алматы облысы және Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Нусрет Ақылбаев.

Қазақстандағы әйелдер арасындағы параволейболдың өзіндік жарқын үлгісі бар. Елдің ерлер ұлттық құрамасы бірнеше жылдан бері халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп келеді. Ал биыл құрама отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл нәтиже әйелдер арасындағы бағытқа да қосымша серпін беріп, қазақстандық спортшылардың әлемнің мықты командаларымен бәсекеге түсе алатынын көрсетті.

Алайда әр команданың және әр жеңістің артында тек спорттық көрсеткіштер ғана емес, өмірінде бір сәтте қайтадан алаңға шығып, тағдырдың қиындықтарына қарсы тұруды шешкен әйелдердің жеке оқиғалары тұр.

Алматы облысының құрамында тәжірибелі спортшылар Айгүл Ордабаева, Дамира Сұлтанбекова, Күміс Жұмағалиева және Жазира Мұқашева өнер көрсетуде. Олардың әрқайсысы үшін спорт өмірдің жаңа кезеңінің бір бөлігіне айналды. Бұл – өзіне деген сенімді қайта қалыптастыруға, пікірлес жандарды табуға, жарыс пен жеңістің қуанышын сезінуге мүмкіндік берген орта.

«Алаңға шыққан кезде бір кездері қандай қиындықтар болғанын ойламайсың. Бұл жерде сен жай ғана спортшысың: команда, қарсылас және мақсат бар. Волейбол маған өз күшіме қайта сенуге көмектесті. Көптеген әйелдердің отбасы, балалары, жұмысы бар. Соған қарамастан жаттығуға әрдайым уақыт табуға тырысамыз. Ал үлкен жеңістерге қол жеткізген сайын, одан әрі көп жаттығып, командамен бірге жаңа нәтижелерге жетуге деген ынта арта түседі», – деді Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат Дамира Сұлтанбекова.

Алдағы кездесулердің тартысты өтетіні сөзсіз. Алматы облысының командасына басты қарсыластардың қатарында Астана және Жетісу облыстарының құрамалары бар.

Чемпионаттың қорытындысы 23 тамызда шығарылады.

Лилиана Штогрина