• Главная
  • Білім берудің болашағы қандай? Қонаевта 250-ден астам сарапшы бас қосты
17:09, Сегодня
Надежный источник

Білім берудің болашағы қандай? Қонаевта 250-ден астам сарапшы бас қосты

Қонаев қаласында Қазақстан мен шет мемлекеттердің білім беру саласындағы 250-ден астам өкілі бас қосты. Олар «Заманауи білім беру: оқыту сапасын арттыру үшін ЖИ мен STEM-ді интеграциялау» атты халықаралық конференцияға қатысып, цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде білім беру жүйесі қандай бағытта өзгеруі керектігін талқылады.

Жиынға педагогтер, ғалымдар, сарапшылар, білім беру ұйымдарының басшылары мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.

Іс-шара Қонаев қаласы әкімдігінің қолдауымен The Ulytau Educational Foundation қоры мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтті.

Теориядан – тәжірибеге

Конференцияның негізгі тақырыбы – жасанды интеллект пен STEM тәсілдерін білім беру үдерісіне енгізу.

Білім берудің болашағы қандай? Қонаевта 250-ден астам сарапшы бас қосты, фото-1

STEM – ғылым (Science), технология (Technology), инженерия (Engineering) және математиканы (Mathematics) біріктіретін оқыту тәсілі. Оның басты ерекшелігі – білімді тәжірибе жүзінде қолдануға бағытталуы. Яғни оқушылар теорияны меңгерумен шектелмей, зерттеу жүргізеді, тәжірибе жасайды, жобалар әзірлейді, ақпаратты талдап, нақты мәселелердің шешімін табуға үйренеді.

Цифрлық трансформация жағдайында бұл тәсіл оқушыларды болашақ мамандықтарға бейімдеп, сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін және заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Білім берудің болашағы қандай? Қонаевта 250-ден астам сарапшы бас қосты, фото-2

Конференцияның ашылуына Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын қатысты. Ол өз сөзінде сапалы білім қоғамның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі екенін, ал адами капиталға инвестиция салу мектеп қабырғасынан басталатынын атап өтті.

Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімді алмастыруға емес, оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуі тиіс. Сондай-ақ ол білім беру инфрақұрылымын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және оқушылардың заманауи білім алу мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті.

Сарапшылар пікірі мен тәжірибелік сессиялар

Пленарлық отырыста қазақстандық және шетелдік сарапшылар баяндама жасады. Олардың қатарында NeoAI Solutions компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Айдын Маутхан, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаумбай Қараев, Canadian International School Astana директорының орынбасары Аббас Хазал, EdTech саласының сарапшысы Санжар Кенжеханұлы, BRiF Research Group бас директоры Александр Рузанов және Professional Development Institute Almaty директоры Маржан Ғалымжанова бар.

Білім берудің болашағы қандай? Қонаевта 250-ден астам сарапшы бас қосты, фото-3

Қатысушылар жасанды интеллект қолданылатын жобалардың нәтижелерін, STEM арқылы орта білім беруді жаңғырту әлеуетін, ЖИ құралдарын пайдаланудың мүмкіндіктері мен тәуекелдерін, сондай-ақ заманауи мұғалім мамандығындағы өзгерістерді талқылады.

Практикалық бөлім аясында бес тақырыптық сессия ұйымдастырылды. Соның бірінде Nazarbayev University жанындағы Зияткерлік жүйелер және жасанды интеллект институтының ARMS зертханасының жетекшісі Азамат Ешмұхетов промпт-технологиялар мен автоматтандыру тақырыбында сөз сөйледі. Ал Bilim Group өкілі Нұрлан Жұмагелді ұлттық цифрлық білім беру экожүйесін таныстырды.

Білім берудің болашағы қандай? Қонаевта 250-ден астам сарапшы бас қосты, фото-4

Басқа сессияларда STEM бағыттарын дамыту, жасанды интеллектіні оқытуда қолдану, білім берудің заманауи әдістемелері, сондай-ақ ғылым, бизнес және білім салаларының өзара ықпалдастығы қарастырылды. Canadian International School Astana өкілдері физика сабақтарында модельдеу, бағдарламалау және ЖИ негізіндегі симуляцияларды қолдану арқылы оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын дамыту жолдарын көрсетті.

Заманауи білім беру технологияларының көрмесі

Конференция аясында «Индустрия тәжірибесі: AI, STEM және цифрлық білім беру» атты көрме де ұйымдастырылды. Онда Central Asian Educational Solutions, KidsGo Technology компаниясының AI-LAB жобасы, DIGIS, Bilim Group және ROQED ұйымдарының әзірлемелері мен шешімдері таныстырылды.

Білім берудің болашағы қандай? Қонаевта 250-ден астам сарапшы бас қосты, фото-5
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Комментарии

Объявления