18+

Қонаевта тазалық талаптарын бұзғандарға шара күшейтілді

Қонаевта көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау талаптарының орындалуына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Qonaev-gorod  Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Енді белгіленбеген жерге қоқыс тастағандарға жергілікті атқарушы органдар да әкімшілік шара қолдана алады.

Жыл басынан бастап жергілікті әкімдіктерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2 және 505-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, тиісті шара қолдану құзыреті берілді.

Қонаевта соңғы бір аптада абаттандыру талаптарын бұзған екі адамға ескерту жасалып, тағы бір тұрғынға айыппұл салынды. Бұл шаралар ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы - қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша қабылданған.

Тазалықты сақтау бағытындағы жұмысты Қонаев қаласының Полиция басқармасы да жалғастырып келеді. Тамыз айында 505-бап бойынша 149 адамға ескерту беріліп, бір жеке тұлғаға 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 64 875 теңге айыппұл өндірілді.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға және қоқысты арнайы белгіленген орындарға тастауға шақырады.

Тазалықты сақтау - коммуналдық қызметтердің ғана емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі. "Таза Қазақстан" қағидатын ұстану арқылы қаланың көркеюіне әркім өз үлесін қоса алады.