Қонаевта жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған «Smart Teacher Qonaev-2026» жобасының қорытындысы шығарылды. Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара қаланың орталық алаңында өтті.
Жобаға 12 мектеп пен 13 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қатысты. Бірнеше ай бойы педагогтер сабақ әзірлеу, оқу материалдары мен жеке тапсырмалар дайындау кезінде цифрлық құралдарды қолдану бағытында тәжірибе жинақтады.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов заманауи технологиялар білім саласына жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтіп, педагогтің міндеті – оларды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану екенін айтты.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – оқушылардың жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдануын қалыптастыру. Ұстаздардың айтуынша, нейрожелілер білім алуға көмектескенімен, баланың өз бетінше ойлауын алмастырмауы тиіс.
Жоба қорытындысы бойынша үздік білім беру ұйымдары бірнеше номинациямен марапатталды. Қазақ орта мектеп-лицейі «Жылдың цифрлық серпілісі», ал орта мектеп-гимназиясы «Smart көшбасшы мектебі-2026» номинацияларында үздік атанды.
Жоба Қонаевтағы білім беру саласын цифрландырудың жаңа технологияларды меңгерумен ғана шектелмейтінін көрсетті. Бұл үдерістің өзегінде оқушыға ақпарат алуды ғана емес, өз бетінше ойлауды үйрететін педагог тұр.