Қосқұдық ауылының тұрғындарымен кездескен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі инфрақұрылымды дамыту жоспарларын таныстырды,деп хабарлайды Qonaev-gorod Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде ауыз сумен қамту, газдандыру, жолдарды жөндеу, абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Басты жобалардың бірі – Шеңгелді, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарындағы ауыз су желілерін қайта жаңғырту. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, жұмыстарды биыл бастау жоспарланып отыр. Реконструкция сумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Инфрақұрылымды жаңарту аясында округтегі елді мекендердің сыртқы жарықтандыру жүйесін кеңейту де жоспарланған. Шеңгелді, Кербұлақ, Сарыбұлақ, Ақөзек және Қосқұдық ауылдарындағы 88 көшеге жалпы ұзындығы 68,3 шақырым болатын жарықтандыру желісін салу жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Қоғамдық көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл округтің бес елді мекеніне 21 жаңа автобус аялдамасы орнатылды. Балаларға арналған инфрақұрылым да кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Шеңгелдідегі екі көшеге ойын алаңдары орнатылды. Тағы бір ойын алаңы Кемел Тоқаев көшесінде салынып жатыр. Қосқұдық, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында да ойын және спорт алаңдары орнатылып, қолданыстағы нысандар жөндеуден өтуде.
Қоғамдық тәртіпті күшейтіп, жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру мақсатында округ аумағына 66 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Қазір камералар орнатылатын орындар анықталып, қажетті жабдықтар сатып алынуда.
Газдандыру да тұрғындар көтерген негізгі мәселелердің бірі болды. Шеңгелді ауылына дейін автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сонымен қатар ауылдарда ішкі газ желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Кездесудің екінші бөлігінде тұрғындар қала әкіміне өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізді. Атап айтқанда, газ сатып алу, ауылішілік жолдардың жағдайы және теміржол бойындағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қала әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы жауапты бөлімдермен бірлесіп қаралатынын атап өтті. Оларды шешу жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді.