
17:12, Сегодня
Надежный источник
Қарасайда Мұқаш Рахимжановты еске алуға арналған республикалық турнир өтті

Қарасай ауданында ұстаз әрі жаттықтырушы Мұқаш Рахимжановты еске алуға арналған еркін күрестен II ашық республикалық турнир өтті. Жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен және Қырғыз Республикасынан 2010–2012 жылы туған 300-ден астам жас балуан қатысты.
Турнирдің мақсаты – саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге және өңірде күрес спортын дамытуға арнаған Мұқаш Рахимжановтың есімін ұлықтап, өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету.
Қазақстан Республикасының спорт шебері, педагог әрі жаттықтырушы Мұқаш Рахимжанов Райымбек ауылында ұзақ жылдар еңбек етіп, жас балуандардың алғашқы бапкері болды. Ол шәкірттеріне күрес әдістерін үйретіп қана қоймай, табандылық пен адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңірді. Бүгінде оның көптеген шәкірті ұстазының жолын жалғастырып, өздері де жаттықтырушы болып еңбек етуде.
«Мұқаш аға бізге күрестің әдіс-тәсілдерін үйретіп қана қоймай, өмірде де, спортта да табанды болуға тәрбиеледі. Әр шәкіртінің жетістігіне шын жүректен алаңдайтын, жүрегі кең жан еді», – деп еске алды марқұмның шәкірті, халықаралық дәрежедегі төреші әрі жарыстың бас төрешісі Қуаныш Ботабаев.
Екі күнге созылған бәсеке 45-тен 110 келіге дейінгі он салмақ дәрежесінде өтті. Жас спортшылар бозкілемде шеберліктері мен дайындықтарын көрсетіп, жеңімпаздарды анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша Алматы қаласының балуандары бес салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Алматы облысының намысын қорғаған Қарасай ауданының өкілдері Эддин Шамоев (48 келі) пен Ердәулет Керімқұл (110 келі) алтын медаль иеленді. Ал Қырғыз Республикасының спортшылары үш салмақта топ жарды.
51 келіде жеңіске жеткен алматылық Нұрдәулет Бекберген турнирдің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жарыстар жас балуандарға тәжірибе жинап, өз мүмкіндіктерін сынауға мүмкіндік береді.
Турнир жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұстаз еңбегін ұлықтап, еркін күрестің өңірдегі дәстүрін жалғастыруға бағытталды.
Лилиана Штогрина
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Спецтема
Последние новости
22:02
14 ноября
17:30
14 ноября
10:02
14 ноября
21:14
13 ноября
ТОП новости
Комментарии