Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне енгізілген соңғы заңнамалық өзгерістер еліміздің жалпы денсаулық сақтау саласына, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) көрсететін ұйымдардың жұмысына да оң әсерін тигізеді.
Бұл туралы Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте денсаулық сақтау саласының сарапшысы, Шелек ауылының №1 Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының директоры Гүлнара Құраметова мәлімдеді.
Гүлнара Съездбекқызының айтуынша, аталған бастама аясында 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, еліміздің барлық азаматтары үшін тегін көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар сегіз ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда да консультативтік-диагностикалық көмек тегін ұсынылады.
Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана көрсетілетін. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, халықтың уақытылы медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарды қолдаудың нақты тетігіне айналмақ. Аталған жаңалықтар ауылдық аймақтарда профилактика мен ерте диагностиканы жақсартудың нақты көрсеткіші болады.
Спикердің сөзінше, үшіншіден, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының рөлі арта түсуде. Енді бұл мекемелер тек науқастарды қабылдап, әрі қарай жолдама беруімен шектелмей, аурудың алдын алу, өз деңгейінде клинико-диагностикалық тексеру жүргізу, нақты диагноз қою және науқастың саулығын бақылау сияқты маңызды функцияларды орындайды.
ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі