Қонаев қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі шомылу маусымының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Qonaev-gorod Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, биыл Қапшағай су қоймасының жағалауына 1,8 млн демалушы келді. Қаладағы 140-тан астам туристік нысан жыл басынан 1 млрд 200 млн теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 100 млн теңгеге артық.
Сондай-ақ ол қауіпсіздік шараларына да ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. ТЖД-ның 73 маманы судағы қауіпсіздікті, полицияның 12 қызметкері қоғамдық тәртіпті қадағалап отырды, күнделікті рейдтік шаралар жүргізілді.
Жағажайдан басқа, Қонаев қаласының аумағында "Көшпенділер қалашығы", тарихтан сыр шертетін "Таңбалы тас" шатқалы орналасқан. Бұл нысандардың да халық арасында танымалдылығы жоғары болып отыр. Мысалы, алғашқы туристік аймақ айына 300-500 адамды қабылдауда. Ал "Таңбалы тасты" көруге 4000-ға жуық турист келген.
Алдағы жоспар
Биыл №6 жағажайды абаттандыру жұмыстары басталады деп көзделуде. Қаладағы жалпы ұзындығы 6,1 шақырым (1 км астамы қолданыста) болатын жағажай жаңғыртылады.
"Көшпенділер" қалашығын туристік бағытта заманауи үлгіде дамыту үшін жобалар қарастырылуда.
Сонымен қатар шаһарда 11 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Тартылатын инвестиция көлемі – 306,4 млрд теңге.