18+

Пациент құқығы: Азаматтар нені білуі тиіс?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ Алматы облыстық филиалы өкілдері пациенттердің сапалы медициналық қызмет алуға құқылы екенін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында ана мен баланы қорғауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – прегравидарлық дайындық туралы айтылды. Бұл – жүктілікті жоспарлап отырған репродуктивтік жастағы әйелдер үшін ұсынылатын кешенді медициналық қызметтер пакеті.

Әрбір репродуктивтік жастағы әйел прегравидарлық дайындықтан өте алады. Бұл - жүктілікке дейінгі кезеңде қажетті тексерулер мен алдын алу шараларын тегін өтуге мүмкіндік береді. Барлық қызметтер МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылады.

Прегравидарлық дайындыққа мыналар кіреді: терапевт, акушер-гинеколог, тіс дәрігері, офтальмолог тексерістері;қан және зәр талдаулары; ЭКГ, УДЗ; инфекцияларға тестілеу; қажет болған жағдайда медико-генетикалық кеңес, жүктілікке дейін 3 ай бұрын табылған және бар экстрагениталды және гинекологиялық ауруларды емдеу (толық жазылуға немесе тұрақты ремиссияға жету үшін).

Бұл шаралар болашақ ананың денсаулығын нығайтуға, жүктілік кезеңін қауіпсіз өткізуге және сау ұрпақ әкелуге ықпал етеді.

Әлем желіде кең талқыланатын мәселелердің бірі – қант диабетімен ауыратын азаматтардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі. Жиында бұл туралы қор өкілі Жанар Кенжебаева келесі мәліметті ұсынды:

"Қант диабетімен ауыратын азаматтарға медициналық көмек пен дәрілік заттар бұрынғыдай толық көлемде және тегін ұсынылады. Ешқандай шектеу болмайды. 2026 жылдан бастап бұл қызметтер МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылатын болады", – деп нақтылады.

Қор қызметіне немесе медициналық көмектің сапасына қатысты сұрақтар мен ұсыныстар болса, азаматтар келесі цифрлық платформалар арқылы өтініш білдіре алады:

  • ⁠Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
  • ⁠@SaqtandyryBot Telegram-боты;
  • ⁠Қордың ресми сайты - msqory.kz

"Азаматтардың уақытылы әрі нақты өтініштері – әділ шешімдер қабылдауға ғана емес, жалпы денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға ықпал етеді. Қызмет көрсету сапасына қатысты кері байланыс – әрбір медициналық мекеме үшін маңызды көрсеткіш", – деді Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы Айғаным Санақбаева.

Алматы облысында медициналық қызмет сапасын арттыруға, пациент құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Азаматтар өз құқықтарын біліп, туындаған мәселелер бойынша белсенді түрде әрекет етуі - денсаулық сақтау саласын жетілдірудегі маңызды факторлардың бірі.

ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі