Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында 1954 жылы туған науқасқа бірегей ота жасалды. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы жұтыну бұзылысына шалдыққан. Диагноз – Ценкер дивертикуласы, бұл өңеш ауруларының шамамен 3,5%-ында ғана кездесетін сирек патология.
Науқас ондаған жылдар бойы тамақ қабылдауда қиындық көріп келген. Соңғы жылдары жағдайы күрт нашарлаған: тамақ өңеште тұрып қалып, науқас тамақтың асқазанға ішінара өтуі үшін мойнын қолымен басуға мәжбүр болған. Қалғаны құсу арқылы сыртқа шыққан. Соңғы 2–3 жылда ол шамамен 20 келі салмақ тастап, қатты әлсіреген.