Алматы облысындағы Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында өңеш тесігінің диафрагмалық жарығына лапароскопиялық ота сәтті жасалды.
Бұл сырқат адамның өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді және көбінесе ірі қалалардағы мамандандырылған орталықтарда ғана емделеді.
59 жастағы науқас ауруханаға тамақтан кейін және жатқан кезде күшейетін қыжыл, қышқыл кекіру, төс артындағы күйдіру және жұтынудағы қиындығына шағымданып келген. Дәрігерлер кешенді тексерістен кейін диагнозды растады: асқазанның бір бөлігі өңештегі тесік арқылы кеуде қуысына ығысып, гастроэзофагеалды рефлюкс тудыратын жарық.
Симптомдардың ауырлығын ескере отырып, науқасқа хирургиялық ем ұсынылды. Ота хирург-дәрігерлер Тұрарбеков Асқар Маратұлы, Кизатов Айдос Талапұлы және Сәкенов Абылай Алтайұлының қатысуымен, заманауи аз инвазивті әдіс - лапароскопиялық Тупе бойынша фундопликация әдісімен жасалды. Сондай-ақ отаға реаниматолог дәрігер Жиренбаев Данияр Қаратайұлы қатысты.
Әдістің мәні - асқазанның жоғарғы бөлігі өңештің төменгі бөлігіне оралып, қышқылдың кері кетуін тоқтатады. Бұл қыжыл мен қабынудың негізгі себебін жояды. Лапароскопиялық тәсіл жарақатты азайтып, қалпына келу мерзімін қысқартады және қауіпсіздікті арттырады.
Ота сәтті өтті. Екінші күні-ақ науқас өздігінен тамақ қабылдап, жағдайының айтарлықтай жақсарғанын айтты. Бірнеше күннен соң ол бұрын мазалаған белгілерсіз қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ота тегін жасалды. Бұл – заманауи технологиялар мен білікті медициналық көмектің өңір тұрғындары үшін барған сайын қолжетімді болып отырғанын көрсетеді.