18+

Алматы облысында жұмысшы жастар арасында "SPORT-TIME" атты шағын футболдан облыстық турнир өтті.

2024 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтарының жылы" деп жариялаған болатын.

Осыған орай, Алматы облысы жастар ресурстық орталығының "SPORT-TIME" жобасы аясында жұмысшы жастар арасында шағын футболдан облыстық турнир ұйымдастырылды.

"Іс-шараның басты мақсаты – жұмысшы жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, олардың беделін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға ықпал ету", - дейді облыстық жастар ресурстық орталығының Ұйымдастыру бөлімі басшысы Шыңғыс Мұқашев.

Жалпы "SPORT-TIME" жұмысшы жастар арасында шағын футболдан аудан-қалалық турнирі жаз мезгілінде облыстың әр өңірінде өткізілген. Оған 80-ге тарта команда қатысты. Іріктеу кезеңінен 11 топ өтіп, облыстық турнирге жолдама алған болатын.

Олардың қатарында Жамбыл өңірінен "Жамбыл Алматы жарық компаниясы" электршілері, Талғар ауданынан "Angars – құрылысшылар командасы", Балқаш ауданынан "Бақбақты – құрылысшылар командасы" құрылысшылары болса, Еңбекшіқазақ ауданынан "Еңбекшіқазақ – Алтын Әлем компаниясы" дәнекерлеушілері бар. Бұл шараның ерекшелігі – жұмысшы мамандық иелерінің қатысуы.

"Біз Кеген өңірінен келдік. Осыған дейін іріктеу кезеңінде тартысты ойын көрсеттік. Осы жолғы ойын мүлдем ерекше. Әр аудан-қаладан кіл мықтылар жиылыпты. Жалпы жарыс - облыстың түкпір-түкпірінен келген жастардың басын қосып, бірлігін нығайтуда, спортқа құлшынысты арттыруға сеп болды. Жұмысшы мамандық иелеріне баса мән беруі қуантады", - дейді жарысқа қатысушы Руслан Айтжанов.

Ойын қызу өтті. Әр команда барын салып, жарыс алаңында шеберліктерін байқатты. Футбол қорытындысына сәйкес, I орынға Кеген ауданынан келген "Кеген жастары" командасы жайғасты. II орын Балқаш ауданының "Бақбақты" командасына бұйырса, III орынды Еңбекшіқазақ ауданынан келген "Еңбекшіқазақ" футболшылары місе тұтты.

Жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды:

  • І орын – 200 000 теңге
  • ІІ орын – 150 000 теңге
  • ІІІ орын – 100 000 теңге.

Сонымен қатар, жүлделі орынға ие болмаған командаларға да ынталандыру ретінде 30 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар беріледі. Бұл турнир жастарды спортқа тарту және еңбек ұжымдарындағы командалық рухты дамыту мақсатында қолға алынған.

"SPORT-TIME" турнирі - жұмысшы мамандық иелерінің беделін арттырып, жастарды спорт пен салауатты өмірге шабыттандырған маңызды жоба болды.

Баспасөз қызметі