Еліміздің барлық өңірлерінде жастар мен жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар бастау алды.
Синтетикалық есірткінің таралуы мен оның жастар арасында белең алуы қоғам назарын талап ететін өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың отырысында сөйлеген сөзінде де көтерілген болатын. Президент есірткі қылмысының алдын алып, оның таралуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Осыған орай, нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру және жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында «Әділет» партиясының Жастар қанаты республика көлемінде кешенді акция өткізуде. Акция аясында өңірлерде қала көшелері мен тұрғын үйлердің аулаларында рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, есірткі заттарын насихаттайтын жарнамалар мен граффитилер анықталуда. Бір күннің өзінде 1000-ға жуық есірткі жарнамасы жазылған граффити мен трафарет жойылды.
Жастар белсенділері анықталған жазуларды өшірумен қатар, тұрғындарға есірткінің зияны мен оның салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратты. Сондай-ақ есірткі саудасына қатысты күмәнді сілтемелер мен Telegram-арналардың жарнамалары анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлау қажеттігі түсіндірілді.
«Жастар Рухы» белсендісі Дильназ Нұрымжанованың айтуынша, мұндай акциялардың негізгі мақсаты жастарды есірткіден аулақ болуға шақырып қана қоймай, олардың қоғамдық жауапкершілігін арттыру.