«Алматы облысында бәйге біртіндеп өңірдің спорттық өмірінің жарқын бағыттарының біріне айналып келеді. Соңғы жылдары аудандық және облыстық жарыстардан бастап, республикалық және халықаралық деңгейдегі бәсекелерге дейінгі тұтас жүйе қалыптасты.
Бүгінде өңір атынан 20-ға жуық шабандоз еліміздегі және шетелдегі ірі бәйгелерге қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Сонымен қатар 30–40 маман күн сайын жылқыларды баптап, жаттықтырумен айналысып, шеберлік пен дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде. Соңғы екі жылда бәйгеден Қазақстан Республикасының екі спорт шебері және төрт спорт шеберлігіне кандидат даярланды. Олардың барлығы небәрі 12–14 жастағы жас спортшылар.
Әсіресе Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы шабандоздардың жетістігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Нұрасыл Бекбатыр, Асылжан Төлеген және Ерсұлтан Жарқын аламан бәйгеде тұғырдың үш сатысын түгел иеленіп, әлемге өз есімдерін танытты. Олар шапшаңдық, батылдық пен нағыз ержүректіліктің үлгісін көрсетті», — деді «Бәйге» федерациясының Алматы облысы бойынша атқарушы директоры Елдар Жақыпбек.