Қонаев қаласында МӘМС аясында жоғары технологиялық операциялар жасайтын заманауи Кардиологиялық орталық іске қосылды.
2026 жылдың қараша айынан бастап Қонаев қаласында Алматы облысы тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – заманауи Кардиологиялық орталық жұмысын бастады. Мұнда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жоғары технологиялық операциялар жүргізіледі.
Жаңа нысан – Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі мамандандырылған медициналық мекемелердің бірі. Оның ашылуы жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырып, диагностика мен емдеудің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бүгінде жүрек-қантамыр ауруларының жиі кездесуі – денсаулық сақтау саласының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Сондықтан облыс орталығында осындай заманауи клиниканың ашылуы – өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам.
Жаңа мекеме 50 төсек-орынға шақталған және жүрек-қантамыр аурулары бар науқастарға тәулік бойы жоғары технологиялық жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсетеді.