Қонаев қаласында Қазақстан мен шет мемлекеттердің білім беру саласындағы 250-ден астам өкілі бас қосты. Олар «Заманауи білім беру: оқыту сапасын арттыру үшін ЖИ мен STEM-ді интеграциялау» атты халықаралық конференцияға қатысып, цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде білім беру жүйесі қандай бағытта өзгеруі керектігін талқылады.
Жиынға педагогтер, ғалымдар, сарапшылар, білім беру ұйымдарының басшылары мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Теориядан – тәжірибеге
Конференцияның негізгі тақырыбы – жасанды интеллект пен STEM тәсілдерін білім беру үдерісіне енгізу.
Цифрлық трансформация жағдайында бұл тәсіл оқушыларды болашақ мамандықтарға бейімдеп, сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін және заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Конференцияның ашылуына Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын қатысты. Ол өз сөзінде сапалы білім қоғамның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі екенін, ал адами капиталға инвестиция салу мектеп қабырғасынан басталатынын атап өтті.
Сарапшылар пікірі мен тәжірибелік сессиялар
Пленарлық отырыста қазақстандық және шетелдік сарапшылар баяндама жасады. Олардың қатарында NeoAI Solutions компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Айдын Маутхан, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаумбай Қараев, Canadian International School Astana директорының орынбасары Аббас Хазал, EdTech саласының сарапшысы Санжар Кенжеханұлы, BRiF Research Group бас директоры Александр Рузанов және Professional Development Institute Almaty директоры Маржан Ғалымжанова бар.
Қатысушылар жасанды интеллект қолданылатын жобалардың нәтижелерін, STEM арқылы орта білім беруді жаңғырту әлеуетін, ЖИ құралдарын пайдаланудың мүмкіндіктері мен тәуекелдерін, сондай-ақ заманауи мұғалім мамандығындағы өзгерістерді талқылады.
Басқа сессияларда STEM бағыттарын дамыту, жасанды интеллектіні оқытуда қолдану, білім берудің заманауи әдістемелері, сондай-ақ ғылым, бизнес және білім салаларының өзара ықпалдастығы қарастырылды. Canadian International School Astana өкілдері физика сабақтарында модельдеу, бағдарламалау және ЖИ негізіндегі симуляцияларды қолдану арқылы оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын дамыту жолдарын көрсетті.
Заманауи білім беру технологияларының көрмесі
Конференция аясында «Индустрия тәжірибесі: AI, STEM және цифрлық білім беру» атты көрме де ұйымдастырылды. Онда Central Asian Educational Solutions, KidsGo Technology компаниясының AI-LAB жобасы, DIGIS, Bilim Group және ROQED ұйымдарының әзірлемелері мен шешімдері таныстырылды.