• Главная
  • Алматы облысы спортшылары Азиададан 8 медальмен оралды
Азиада-2026
14:05, Сегодня
Надежный источник

Алматы облысы спортшылары Азиададан 8 медальмен оралды

Азиада-2026

Аичи–Нагоеде өткен XX жазғы Азия ойындарында Алматы облысының спортшылары жоғары шеберлік танытып, 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасының сапында өңірден 25 спортшы спорттың 14 түрінен өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы Азия құрлығының ең мықты спортшыларымен бәсекеде өз мүмкіндігін сынап, ал кейбірі отандық спорт тарихында жаңа белеске көтерілді.

Өңірдің ең жарқын өкілдерінің бірі — Асем Орынбай. Командалық скит сайысында ол Зоя Пискун және Адель Садакбаевамен бірге күміс медаль иеленді. Ал жеке сайыста спортшы 28 нысананы дәл көздеп, қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, Асем Азия ойындарының жеке скит бағдарламасында қатарынан екінші рет қола медаль жеңіп алды. Бұған дейін ол дәл осындай нәтижеге 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қол жеткізген болатын.

Алматы облысы спортшылары Азиададан 8 медальмен оралды, фото-1, Асем Орынбай

Асем Орынбай

Даниил Почиваловтың да нәтижесі ерекше маңызға ие болды. Командалық трап сайысында ол Алишер Айсалбаев және Марк Почиваловпен бірге 348 ұпай жинап, қола жүлдеге ие болды. Бұл нәтиже Қазақстанның Азия ойындарындағы ерлер арасындағы командалық траптағы алғашқы медалі ретінде тарихқа енді.

Тағы бір тарихи жетістікке Алижан Аблагатов қол жеткізді. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ушу-саньдадан сынға түскен спортшы жартылай финалға дейін жетіп, онда ирандық Эрфан Мохаррамиге есе жіберді. Алижанның қола медалі Қазақстанның Азия ойындарындағы ушу-саньдадан алған алғашқы жүлдесі болды.

Дзюдодан да өңір спортшылары жоғары нәтиже көрсетті.

Екатерина Токарева 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын үшін өткен белдесуде Иран өкілі Марьям Барбатты жеңіп, жеке сайыста қола медаль иеленді. Ал аралас командалық турнирде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, екінші рет тұғырға көтерілді. Қазақстандық дзюдошылар бұл бәсекеде күміс жүлдеге ие болды.

Алматы облысы спортшылары Азиададан 8 медальмен оралды, фото-2, Екатерина Токарева

Екатерина Токарева

Осы аралас командалық турнирде Бакытжан Абдурахманов та күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының сапында Алматы облысының намысын абыроймен қорғады.

Джиу-джитсудан өңір қоржынына тағы бір қола медальді Мариан Журавлева салды. 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде спортшы үшінші орын үшін өткен белдесуде Иордания өкілі Майя Ишакатты жеңіп, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Осылайша, Алматы облысының спортшылары Айти–Нагоеде өткен Азиада-2026 ойындарын 8 медальмен - 3 күміс және 5 қола жүлдемен қорытындылады.

Бұл нәтижені ерекше маңызды ететін екі тарихи жетістік бар: Қазақстан үшін Азия ойындарындағы ушу-саньдадан алғашқы медаль және ерлер арасындағы командалық траптан ел тарихындағы алғашқы жүлде.

Азиада-2026 ойындарына Азияның 45 елінен 11 мыңға жуық спортшы қатысты. Жарыс барысында спорттың түрлі түрлерінен 469 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстанның намысын құрлықтың басты спорт додасында спорттың 35 түрінен 558 спортшы қорғады.

Ойындар қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 84 медаль - 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде жеңіп алып, жалпы командалық есепте 8-орынға ие болды.

Келесі жазғы Азия ойындары 2030 жылғы 4-19 қараша аралығында Катар астанасы Дохада өтеді.

Лилиана Штогрина

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Сайт города Конаев

Комментарии

Объявления