Астанада 11-13 наурыз аралығында Ө. Жолдасбеков атындағы 11(12) сынып оқушыларына арналған математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы өтті.
Зияткерлік жарысқа түрлі елдерден дарынды жас зерттеушілер жиналып, өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды, деп хабарлайды Qonaev-gorod Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конкурс қорытындысы бойынша Алматы облысының құрама командасы жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
- ІІ орын – Алатау қаласы №47 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ахатова Элинур;
- ІІІ орын – Талғар аудандық жеке лицей-интернатының №1 11-сынып оқушысы Ульфанов Мухаммадали және Жамбыл ауданы Үңгіртас орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрбай Мерей.
Жас зерттеушілер өз жобаларында математика мен механиканың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми ізденістерін таныстырды. Қазылар алқасы олардың жұмыстарын жоғары бағалап, оқушылардың зерттеу әлеуетін атап өтті.